Абайдың қара сөздері

Страницы: <<  <  48 | 49 | 50 | 51 | 52  >  >>

Рас болса, һәммаға бірдей раст болсын, алалаған раст бола ма, һәм ғадаләт бола ма? Олай болғанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр өзі - хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ. Бірақ әулиелердің де бәрі бірдей тәркі дүние емес еді, ғашәрән - мүбәшәрәдан қазірет Ғосман, Ғабдурахман бин Ғауф уа Сағид бин Әбудқас үшеуі де үлкен байлар еді. Бұл тәркі дүниелік: я дүние ләззатына алданып ижтиһадым шала қалады деп, бойына сенбегендік; я хирс дүниеліктен қауымның көңілін суытпақ үшін, ренжуге сабыр етіп, өзін фида қылып, мен жаныммен ұрыс қылғанда, халық ең болмаса нәпсісімен ұрыс қылып, һәуа һәуастан әрбір арзу нәпсіден суынып, ғадаләт, мархамат, махаббатына бір қарар болар ма екен деген үмітпенен болса керек. Олай болғанда о да жұртқа қылған артық махаббаттан хисап. Бірақ бұл жол - бек шетін, бек нәзік жол. Бұл жолда риясыз, жеңілдіксіз бір қарар тұрып іздеген ғана кісі істің кәмәлатына жетпек. Бұл заманда надир, бұған ғылымның да зоры, сиддиқ, қайраттың да зоры, махаббаттың халлақна да, уа халық ғаламға да бек зоры табылмақ керек. Бұлардың жиылмағы - қиынның қиыны, бәлки, фитнә болар.
Басына һәм бір өзіне өзгешелік бермек - адам ұлын бір бұзатын іс. Әрбір наданның бір тариқатқа кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегеніменен бір болады. Хакім, ғалым асылда бір сөз, бірақ Ғарафта басқалар дүр. Дүниеде ғылым заһири бар, олар айтылмыштарды жазылмыштар, оны нақлия деп те айтады. Бұл наклияға жүйріктер ғалым атанады. Құдай тәбәрака уа тағала ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған, мұны ізерлеп тәффаккару фи әла-иллаһи деген хадиске бинаән бұл сүнғати құдадан ізерлеп, құмар болып ғибратланушыларға тыю жоқ, бәлки, сұнғатынан себебін білмекке құмарлықтан саниғ ғашықтық шығады. Құдай тәбәраканың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз.

Страницы: <<  <  48 | 49 | 50 | 51 | 52  >  >>
Рейтинг
Оцени!
Поделись конспектом: