оң - хакімдер, ең ақыры - кәміл мұсылмандар. Бұл үш түрлі фиғыл құданың соңында болмақ, өзін құл біліп, бұл фиғылдарға ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйретті әулиелерге, әулиелер оқыды, ғашық болды. Бірақ, ухрауи пайдасын ғана күзетті. Ғашықтары сол халге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты. Бәлки, хисапқа алмады. Хакімдер дүниеде тиетін пайдасын сөйледі, ғибрәт көзімен қарағанда, екеуі де бірінен-бірі көп жырақ кетпейді. Оның үшін әрбірінің сөйлеуі, айтуы басқаша болса да, алла тағаланың сұңғатына қарап пікірлемектікті екеуі де айтты. Пікірленбек соңы ғибраттанбақ болса керек. Бұл ғақыл, ғылым - екеуі де өзін зорға есептемекті, залымдықты, адам өзіндей адамды алдамақты жек көреді. Бұл ғадаләт һәр екеуі де мархаматты, шапағатты болмақтықты айтып бұйырды, бұл рақым болса керек. Бірақ менің ойыма келеді, бұл екі таһифа әр кісі өздеріне бір түрлі нәпсісін фида қылушылар деп. Яғни, пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып һу деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? Хәрами, макруһи былай тұрсын, құдай тағаланың қуатыменен, ижтиһад ақылыңменен тауып, рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген ниғметтеріне, онан көрмек хұзурға суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па?
Сахиб ниғметке шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздікпенен күнәкәр болмайсың ба? Екінші - бұл жолдағылар қор болып, дүниеде жоқ болып кету де хаупі бар, уә кәпірлерге жем болып кету де, қайсыбір сабырсызы жолынан тайып, сабырмен бір қарар тұрамын дегені болып кетселер де керек. Егерде бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты раст дүниеде бола ма?
Страницы: << < 47 | 48 | 49 | 50 | 51 > >>