талады. Ол не нәрсе? Не көрдің, не есіттің, әрнешік білдің, соны тездікпенен ұғып, ұққандықпенен тұрмай, арты қайдан шығады, алды қайда барады, сол екі жағына да ақылды жіберіп қарамаққа тез қозғап жібереді. Егер бұл болмаса, көп білуге көп оқу оңды пайда да бермейді. Керекті уақытында ойламай, керекті уақытында қылмай, керекті уақытында айтпай, дәйім уақытынан кеш қалып, «Әй, әттеген-ай. Үйтуім екен, бүйтуім екен» деп, өмір бойы ғафил болып-ақ отырғаның.
Біреуін орысша «сила притягательная однородного» дейді. Ол - бір нәрсені естіп, көріп білдің, хош келді, қазір соған ұқсағандарды тексересің. Түгел ұқсаған ба? Яки бір ғана жерден ұқсағандығы бар ма? Әрнешік сол іске бір келіскен жері бар нәрселердің бәрін ойлап, білгенін тексеріп, білмегенін сұрап, оқып, бөтеннен хабарланып білмей, тыншытпайды.
Үшіншісі, орысша «впечатлительность сердца» дейді, яғни жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық - бұл төрт нәрсебірлән кірлетпей таза сақтаса, сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық рәушан болып түседі. Ондай нәрсе тұла бойыңа жайылады, тез ұмыттырмайды. Егерде бағанағы төрт нәрсемен жүректі кірлетіп алсаң, жүректің айнасы бұзылады, я қисық, я күңгірт көрсетеді. Енді ондай нәрседен оңды ұғым болмайды.
Әрнешік тән қуатыменен сырттан тауып, сырттан сақтайсыз, оның аты дәулет еді. Оның да неше түрлі кеселі, кесепаты бар нәрселерін білмесең, сақтай алмаушы едің ғой. Соған ұқсаған іштегі жан қуатыменен жиған нәрсенің аты ақыл, ғылым еді ғой. Оның да неше түрлі кеселі, кесепаты тиер нәрселері бар. Оны білмесең, бақпасаң - айрыласың. Және әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса - жарамайды. Өлшеуін білмек - бір үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кеткені б
Страницы: << < 62 | 63 | 64 | 65 | 66 > >>