, ретін тап
Биік мансап - биік жартас
Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,
Екпіндеп ұшып қыран да шығады;
Жікшіл ел жетпей мақтайды,
Желөкпелер шын деп ойлайды.
Дүние - үлкен көл,
Заман - соққан жел,
Алдыңғы толқын - ағалар,
Артқы толқын - інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер.
Бақпен асқан патшадан
Мимен асқан қара артық;
Сақалын сатқан кәріден
Еңбегін сатқан бала артық.
Тоқ тіленші - адам сайтаны,
Харекетсіз - сопы монтаны.
Жаман дос - көлеңке:
Басыңды күн шалса,
Қашып құтыла алмайсың;
Басыңды бұлт алса,
Іздеп таба алмайсың.
Досы жоқпен сырлас,
Досы көппен сыйлас;
Қайғысыздан сақ бол,
Қайғылыға жақ бол.
Қайратсыз ашу - тұл,
Тұрлаусыз ғашық - тұл,
Шәкіртсіз ғалым - тұл.
Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң - өзің ғана тілейсің
ОТЫЗ СЕГІЗІНШІ СӨЗ
Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын. Ықыласпенен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббатың төлеуі - махаббат. Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер - әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адам
Страницы: << < 39 | 40 | 41 | 42 | 43 > >>